Былтыр үйдегі улы газдың таралуы жөнінде дабыл беретін 40 құрылғы орнатылса, биыл 125 данасы бөлініпті
Сонымен қатар, аз қамтамасыз етілген отбасылардың үйлеріне өрт қапуінің алдын-алуға мүмкіндік беретін арнайы құрылғы (датчик) орнатылуда.
Жыл сайын жылыту маусымы басталған кезде Азаматтық қорғаныс органдарының мамандары жергілікті полиция қызметкерлерімен бірлесіп жеке үйлерді аралайды.
Профилактикалық шара барысында өрт қауіпсіздігін сақтау, пеш, газ баллон құралдарын дұрыс пайдаланудың тәртібі түсіндіріліп, жадынамалар таратылады.
Биыл жылу маусымы басталғалы бері өңірде 171 өрт оқиғасы тіркелген. Өрт салдарынан 11 адам көз жұмып, 17 адам жарақат алған.
Облыс орталығында 39 өрт тіркеліп, 5 адам қаза болған. Мамандардың айтуынша, пеш, түтін мұржасының дұрыс тазаланбауы, жылыту құралдарының арасындағы қашықтықтың талапқа сай сақталмауы қайғылы жағдайларға әкеліп соққан.
Тұрғындардың от жағу кезінде қауіпсіздік ережесін дұрыс қолданбауы себеп.
Қазір өңірдегі жеке сектордағы үйлерде тұратын көпбалалы отбасылардың тізімі жасалуда.
Өрт қауіпсіздігін бақылау бөлімінің мамандары балаларды үйде жалғыз қалдырмауды қатаң ескертеді.
Фарида БЫҚАЙ
«Егемен Қазақстан»
ПАВЛОДАР